ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ: ШАРДАРАДА ҮШЕМДЕРГЕ ЖАҢА ҮЙ КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ!

ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ҚОС ҚУАНЫШ: ШАРДАРАДА ҮШЕМДЕРГЕ ЖАҢА ҮЙ КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ!
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Шардара ауданында ел мерейін асырған тағылымды шара өтті. Жаушықұм ауылының тұрғындары – Ешмуратовтар және Оңайовтар отбасыларында үшемдер дүниеге келіп, аудан демографиясына зор үлес қосты. Бұл – тәуелсіз елдің баянды болашағын айшықтайтын үлкен қуаныш.
Бұған дейін аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаевтың қолдауымен демеушілер есебінен әр отбасыға 3 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген болатын. Ал мереке қарсаңында аудан әкімінің бастамасымен Шардара қаласындағы Ж. Қолдасов көшесінде орналасқан, заман талабына сай салынған жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбаев сөз сөйлеп, көп балалы отбасыларды қолдау – тәуелсіз мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Лесбекұлы Мүтәлиев құттықтау лебізін білдіріп, үшемдердің аман-есен өсіп, ел игілігі жолында қызмет ететін азамат болып қалыптасуына тілектестігін жеткізді.
Қуанышы қойнына сыймаған қос шаңырақ иелері аудан басшылығына және демеушілерге шынайы алғыстарын білдірді. Айта кетейік, жаңа баспаналар демеушілер қаражаты есебінен салынған.
Тәуелсіз елдің әрбір сәбиі – жарқын болашақтың кепілі!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі