Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы ең мерейлі белестердің бірі. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-бабамыздың асыл арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.
Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық рухы мен ерлігі бүгінгі және келешек ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болып қала береді.
Бүгінде елімізде ауқымды әлеуметтік-саяси реформалар жүзеге асырылып, барлық мемлекеттік құрылымдар Тәуелсіздік ұстанымын нығайтуға, бірлігі бекем, болашағы нық мемлекет екенімізді әлемге танытуға жұмыла еңбек етуде. Осы жолда Шардара ауданының тұрғындары да ел дамуына өз үлесін қосып, рухани, мәдени және қоғамдық-саяси өмірдің белсенді мүшесі болып келеді.
Аудан тұрғындарының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамуда. Әр салада жаңашыл бастамалар қолға алынып, игі істер жүзеге асырылуда. Жаңа білім ошақтары мен тұрғын үйлер бой көтеріп, спорт саңлақтарымыз халықаралық және әлемдік ареналарда аудан абыройын асқақтатып жүр.
Сіздерді тағы да осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болғай!
Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін!
Құрметпен,
Шардара ауданының әкімі
А. Қарсыбаев