ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМДА ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Облыс орталығында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» (TITF-2025) халықаралық инвестициялық форумы өтіп жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысуда.
Бұл форумның мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.
Халықаралық инвестициялық форумға Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, шетелдік инвесторларға ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Кездесу барысында Арман Романұлы –
«Шардара ауданы –ауыл шаруашылығы мен туризмді жан-жақты өркендетуге мол мүмкіндігі бар ерекше өңір. Әсіресе біздің аудан ауыл шаруашылығын дамытуға, мал бордақылау мен мал басын көбейтуге, сондай-ақ мақта, жүгері және түрлі дәнді дақылдар өсіруге аса қолайлы. Осындай әлеуетті тиімді пайдаланып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу және ортақ жобаларды жүзеге асыру – біздің ең басты міндеттеріміздің бірі» – деді.
Сонымен қатар ауданнан барған 50 – ге жуық кәсіпкерлер жаңа экономикалық бағыттар, өндіріс көлемін арттыру, нарыққа шығу жолдары бойынша сауалдарын қойып, тәжірибе алмасты.
Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Шардара ауданы әкімдігі мен көшбасшы компаниялар арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылды.
Атап айтқанда, Қытайлық коммерциялық кәсіпорындар ассоциациясы және «Ши Цзя Лю» компаниясымен, «ААН Group» ЖШС-мен меморандум түзілді.
• Қытайлық коммерциялық кәсіпорындар ассоциациясы және «Ши Цзя Лю» компаниясы автономды GPS-навигациясы бар ауыл шаруашылық техникасын импорттау және жинау, теріні өңдеу фабрикасын салу, тамшылатып және спринклерлі суару жабдықтарын жеткізу және орнату, жылыжайлар мен парниктер салу, туризмді дамыту жобаларына қызығушылық білдірді.
• ААН Group» ЖШС компаниясы аудан аумағында мақта егуді және оны тиімді өңдеуді қамтамасыз ете отырып, тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы өнімділікті арттыруды көздейді.
TIITF-2025 форумы өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және жаңа экономикалық бастамаларды ілгерілетуге бағытталған маңызды диалог алаңы ретінде өз жұмысын табысты жалғастыруда.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі