ШАРДАРА АУДАН ӘКІМІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАДЫ

ШАРДАРА АУДАН ӘКІМІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАР ТАБЫСТАДЫ
Бүгін Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев көпбалалы аналарды қабылдап, оларға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградаларды табыстады.
Іс-шараның басты мақсаты – өмірін бала тәрбиесіне, ұлт болашағын қалыптастыруға арнаған аналардың еңбегін бағалау және оларға құрмет көрсету.
Кездесу барысында аудан әкімі аналардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтіп, олардың ел дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Өз сөзінде Арман Романұлы:
«Ана – өмірдің бастауы, отбасының тірегі, ұлттың ұйытқысы. Бүгін біз ауданымыздың абыройын асқақтатып, ел ертеңі – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген көпбалалы аналарға “Күміс алқа” марапаттарын табыстап отырмыз. Бұл марапат – сіздердің аналық мейірімдеріңіз бен еңбектеріңіздің, елге деген сүйіспеншіліктеріңіздің лайықты бағасы. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қолдау – аналар еңбегіне деген шынайы құрметтің белгісі. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін», – деді аудан басшысы.
Жыл сайын Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жеті және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған аналар «Алтын алқа», ал алты баланы өмірге әкелген аналар «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларымен марапатталады. Бұл – аналардың көпжылдық еңбегі мен отбасындағы зор жауапкершілігін бағалаудың айқын көрінісі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 14 қазандағы №1044 Жарлығының негізінде Шардара ауданынан 7 көпбалалы ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды.
Салтанатты рәсім барысында марапат иелеріне төсбелгілер мен куәліктер табысталып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар ұсынылды.
Іс-шара жылы жүздесуге, аналардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесін жастарға үлгі етуге бағытталды.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі