СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ШАРУАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов жұмыс сапарымен Шардара ауданына келіп, Түркістан облысының шаруаларымен кездесті.
Жиын барысында «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов су ресурстарын басқару және тиімді пайдалану бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Кездесуге Түркістан облысының әр аймақтарынан келген дихандар мен шаруалар қатысып, су үнемдеу технологияларын енгізу мен суды тиімді пайдалану мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Әрбір сұраққа сала мамандары тарапынан жан-жақты әрі нақты жауаптар берілді.
Ведомство басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру шараларына тоқталды.
Айта кетсек, өткен жылы министрлік су үнемдеу технологияларын сатып алу, орнату және инфрақұрылымды жүргізуге жұмсалған шығындарды өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтқан болатын. Сонымен қатар суармалы суға сараланған субсидиялар енгізілді — егер су үнемдеу жүйелері қолданылса, субсидия көлемі 85%-ға дейін артады.
«Аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауы Қазақстанның оңтүстігінде күрделі жағдай туғызды. Алайда жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде ахуалды тұрақтандырып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ете алдық. Министрлік арнайы жұмыс топтарын құрып, оңтүстік облыстардағы су шаруашылығы жағдайына мониторинг жүргізді, суармалы суды әділ бөлуге бақылау жасады, кезекшілік кестелерін бекітті, заңсыз су алуға қатысты тексерістер жүргізді және түсіндіру жұмыстарын атқарды. Болашақта мұндай қиындықтарға жол бермеу үшін су үнемдеу технологияларына белсендірек көшу қажет. Осы мақсатта біз заманауи суару жүйелерін енгізуді субсидиялау шарттарын жетілдірдік», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі