Бүгін 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай және Шардара ауданының 60 жылдығы аясында Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан 6 қызметтік тұрғын үйдің кілттері табысталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысы аясында әлеуметтік сала қызметкерлері тұрғын үймен қамтылды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, қызметтік пәтер кілттерін табыстады:
«Құрметті жерлестер, қадірлі әріптестер! Сіздерді 25 қазан – Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі игі іс – мемлекетіміздің әлеуметтік саланың өкілдеріне көрсетіп отырған қамқорлығының жарқын көрінісі. Ел үшін адал еңбек етіп жүрген әрбір ұстазға, дәрігерге, мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне жағдай жасау – біздің басты міндетіміздің бірі. Бүгін табысталып отырған қызметтік пәтерлер – сіздердің тұрақты тұрмыс пен сапалы өмір сүрулеріңізге мүмкіндік береді деп сенемін. Әр үйдің табалдырығынан шаттық пен жылулық, береке мен бірлік арылмасын. Қызметтеріңіз табысты, өмірлеріңіз нұрлы болсын! Шардарамыз көркейіп, тұрғындарымыздың әл-ауқаты арта берсін!», – деді Арман Қарсыбаев.
Қызметтік пәтер иелерінің бірі – Алматы қаласынан ата-анасымен бірге келген Шолпан Әмірова. Ол 2016-2021 жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жалпы медицина бакалавры, 2021-2023 жылдары интернатура бойынша жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын, 2023-2025 жылдары резидентура бойынша ересектер онкологы дәрігер мамандығын тәмамдаған білікті маман.
Шолпан Әмірова 2022-2023 жылдары Алматы қалалық №8 емханасында мейіргер, 2024-2025 жылдары Health City клиникасында дәрігер-координатор болып қызмет атқарды. 25.08.2025 жылдан бастап Шардара аудандық орталық ауруханасының онколог дәрігері болып еңбек етуде.
Сонымен қатар, қызметтік пәтерге ие болғандардың бірі – Арыс қаласынан келген Жансұлу Жұмаділла. Ол 2011–2018 жылдары Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде жалпы медицина мамандығын меңгерген. 2018 жылдан бастап түрлі өңірлерде жалпы тәжірибелік дәрігер ретінде еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Шардара аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибелік дәрігері болып қызмет атқаруда.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі