ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫ МАҢЫНАН ТАБЫЛҒАН КӨНЕ ҚЫШ ҚҰБЫРЛАР МУЗЕЙ ҚОРЫНА ЕНГІЗІЛДІ

ШАРДАРА СУ ҚОЙМАСЫ МАҢЫНАН ТАБЫЛҒАН КӨНЕ ҚЫШ ҚҰБЫРЛАР МУЗЕЙ ҚОРЫНА ЕНГІЗІЛДІ
2023 жылдың тамыз айында Шардара су қоймасының жағалауынан ерекше археологиялық жәдігерлер – көне қыш құбырлар табылды. Бұл артефактілер аудан әкімдігі мен Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі бірлесіп ұйымдастырған зерттеу экспедициясы барысында анықталған болатын.
Құбырлар алғаш рет су қоймасы жағалауының шегінуі нәтижесінде көзге түскен. Орташа диаметрі 17–18 сантиметрді құрайтын бұл тарихи құбырлар өте ұқыпты, түзу орналасуымен ерекшеленеді. Қазба жұмыстары кезінде көпшілігі сынғанына қарамастан, музей мамандары оларды мұқият қайта қалпына келтіріп, нәтижесінде ұзындығы бір метрді құрайтын бес дана қыш құбыр қайта құрастырылды.
Қазіргі таңда бұл артефактілер Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің тұрақты экспозициясынан орын алған және өңір тарихының маңызды жәдігерлерінің біріне айналып отыр.
Зерттеу орны – шартты атауы «Ақтөбе 2» деп аталатын мекен – 1961–1962 жылдары белгілі археологтар Б.И. Вайнберг пен Л.М. Левиналардың зерттеу нысаны болған. Археологтардың пікірінше, бұл мекен біздің заманымыздың І–IV ғасырларына тиесілі және көне түркі мәдениетінің нақты белгілерін көрсететін маңызды тарихи кешен болып табылады.
Қазіргі таңда табылған құбырларға байланысты ғылыми зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жәдігерлердің табылуы – Шардара өңірінің бай тарихының тағы бір дәлелі. Өңірімізден шыққан мұндай тарихи мұралар – ел мәдениетінің, өркениетінің, инженерлік ой-санасының биіктігін көрсететін баға жетпес мұра.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі