Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен грек-рим күресінен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында шардаралық спортшы, 38 кг салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрислам Пахитжан жеңімпаз атанды.
Азия біріншілігінде қарсыластарына мүмкіндік бермеген жас балуан алтын медаль иеленіп, Шардара ауданының ғана емес, тұтас Қазақстанның абыройын асқақтатты.
Жарқын жеңістің иегері Нұрислам Пахитжан мен оның жаттықтырушысы Жандос Жұмәліні аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
«Сіздер Шардараның ғана емес, бүкіл еліміздің намысын қорғап, халықаралық аренада мәртебемізді көтердіңіздер. Бұл жеңіс – спортшы мен бапкердің тынымсыз еңбегі мен еліміздің спортқа деген жан-жақты қолдауының нәтижесі. Алда әлемдік деңгейдегі белестерді бағындырып, көк туымызды биіктен желбіретеді деп сенемін. Аудан халқы атынан зор алғысымды білдіремін», – деді Бейсенбай Тасболатұлы.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары чемпион мен оның бапкеріне Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыстап, болашақта да толағай табыстар тіледі.
Бұл жеңіс – Шардара өңіріндегі спорттық дарын иелерінің әлеуетін тағы бір дәлелдеді.
Аудан әкімдігі жас спортшыларды қолдау мен дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі