ҚАСИЕТ ОРТАЛЫҒЫНДА ҚОЛӨНЕР КҮНІ: ҚҰРҒАҚ ЖҮННЕН БҰЙЫМ ЖАСАУ ТӘСІЛДЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ҚАСИЕТ ОРТАЛЫҒЫНДА ҚОЛӨНЕР КҮНІ: ҚҰРҒАҚ ЖҮННЕН БҰЙЫМ ЖАСАУ ТӘСІЛДЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
2025 жылдың 14 шілдесінде «Қасиет» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында жоспарға сәйкес «Заманауи технология бойынша, құрғақ жүннен бұйымдар, гүл жасау тәсілдері» тақырыбында қолөнер күні өткізілді.
Іс-шара барысында орталықтың еңбек терапия маманы Н.Сайдакбарова мен қолөнерші А.Жұртбаева қызмет алушы зейнеткер аналарға заманауи үлгіде өңделген жүннен бұйымдар жасаудың әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Бүгінде табиғи материалдарды қолдану арқылы қолөнер туындыларын жасау кең таралып келеді. Соның ішінде ерекше сұранысқа ие бағыттардың бірі — құрғақ жүн технологиясы, яғни фелтинг өнері. Бұл — арнайы инелер көмегімен табиғи жүнді белгілі бір формаға келтіріп, әртүрлі сәндік бұйымдар мен көркем бейнелер жасау әдісі.
Құрғақ жүнмен жұмыс істеу — шығармашылықпен қатар үлкен төзімділік пен ұқыптылықты талап ететін нәзік өнер. Бұл тәсіл арқылы дайындалған гүлдер — раушан, қызғалдақ, түймедақ секілді туындылар киім сәнінде де, интерьер дизайнында да ерекше көрініс табады.
Семинар барысында қатысушылар белсенділік танытып, жүннен гүлдер мен суреттер жасап, өз еңбектерінің нәтижесіне риза болды. Құрғақ жүн технологиясы арқылы жасалған әрбір бұйым – бұл шебердің жан жылуын бойына сіңірген ерекше туынды. Мұндай қолөнер жұмыстары қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін жаңаша қырынан көрсетіп, ұлттық мұраға жаңа мазмұн береді.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі