Шардара ауданының мақтанышы, жас балуан Пахитжан Нұрислам Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен грек-рим күресінен Азия чемпионатында (U15 санаты) жеңімпаз атанып, Түркістан облысы тарихында алғаш рет Азия чемпионы атағын иеленді. Бұл – Нұрисламның жеке жетістігі ғана емес, аудан мен облыс спорт тарихындағы үлкен оқиға.
Чемпионат барысында Қазақстан ұлттық құрамасының балуандары жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. 38 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен шардаралық спортшы барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.
Шардара қаласында чемпионды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шараға аудан тұрғындары, спорт ардагерлері, жас спортшылар, жанкүйерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тасболатұлы Төребеков жас чемпионды тарихи жеңісімен құттықтап, оның табандылығы мен еңбегіне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, бұл жеңістің жас буынға үлгі болатынын, спортқа деген қызығушылықты арттыра түсетінін атап өтті.
Сондай-ақ чемпионды дайындаған бапкер Жұмәлі Жандосты да құттықтап, болашақта бұдан да биік белестерді бағындыруға тілектестік білдірді.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі