МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШАРДАРА АУДАНЫНДА ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ШАРДАРА АУДАНЫНДА ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев жұмыс сапарымен Шардара ауданына келді. Іссапар аясында халық қалаулысы ауданда іске асырылып жатқан бірқатар жобалармен танысты.
Сапар барысында Мәжіліс депутатын аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Туребеков Жаушықұм ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі – «Тұрар» шаруа қожалығына бастап барды. Қожалықта су үнемдеу технологиялары енгізіліп, заманауи тәсілдермен пияз және бақша дақылдары өсірілуде. Атап айтқанда, пияздың «Бонус» (ерте пісетін), «Камперо» (орта пісетін), сондай-ақ «Менди» мен «Грандора» (кеш пісетін) сорттары егілген.
Одан бөлек, Қ.Балабиев Шардара қаласының 60 жылдығы аясында жаңадан ашылған №4 шағынаудандағы «Болашақ» саябағында болып, бұл орынның жастар мен қала тұрғындарының сүйікті демалыс алаңына айналуына тілектестік білдірді.
Мәжіліс депутатының жұмыс сапары Шардара қаласындағы индустриялық аймақта орналасқан «Казкрахмал» жүгері өңдеу зауытында жалғасты. Қ.Балабиев зауытты іске қосу бағытындағы жұмыстармен танысып, жобаның экономикалық маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, Өтеғұл шағынауданында бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылыс барысы да халық қалаулысының назарынан тыс қалмады. Қайрат Балабиев құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы аяқтау қажеттілігін қадап айтты.
Сапар соңында Қ.Балабиев «AMANAT» партиясының Шардара аудандық филиалы ғимаратында жергілікті тұрғындармен кездесті. Ашық диалог форматында өткен кездесуде азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдары тыңдалып, көтерілген мәселелерге қатысты заң аясында түсініктемелер беріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды.
(с) Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі