Аудан әкімі Арман Романұлы Қарсыбев сала мамандарымен бірге қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Атап айтқанда, бұрынғы «Пионерлер паркінен» төмен, теңіз жағалауындағы 1,5 гектар аумақта «Тұқым бақ» құру жоспарын көріп, оның болашақтағы маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес ауданда сәнді, декоративті ағаш көшеттерін өндіру қолға алынбақ. Аудан басшысы тиісті мамандарға бұл істі жүйелі жүргізуді тапсырып, алдымен аумақты толық қоршап, кіреберіске арка орнатуды және жер бедерін ретке келтіруді тапсырды. Күз мезгілінде түрлі ағаш тұқымдары егіліп, көктемде тамшылатып суғару әдісі арқылы көшеттерді өсіру жоспарланған.
Сонымен қатар, Арман Романұлы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында №2 ықшам аудандағы бұрын бей-берекет қоқыс тасталған 2,7 гектар жерді абаттандыру барысымен танысты. Қазіргі таңда аяқ жолдар салынып, жарықшамдар, орындықтар және көрнекі үгіт тақтайшалары орнатылған. Одан бөлек демеушілік есебінен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған спорттық нысандар мен тренажерлер орнатылған. Сондай-ақ балалар ойын алаңшасы мен кіші футбол алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарға жайлы орта құру мақсатында қолға алынған жоба жуық арада аяқталып, тұрғындардың игілігіне тапсырылмақ.
Аудан басшысы бұл қос нысанның сапалы әрі уақтылы аяқталуын қатаң бақылауға алып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі