САРЫАҒАШ: ҰОС АРДАГЕРІН МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

САРЫАҒАШ: ҰОС АРДАГЕРІН МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

 

 

Аудан әкімі Арман Абдуллаев 9 мамыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығы  мерекесінде  103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Эрмохан Ишхоновтың үйіне арнайы барып, Мемлекет басшысының  арнайы құттықтауын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Сонымен қатар,  ҚР Қорғаныс министрі Р.Жақсылықовтың да құттықтауын жеткізді. Арман Абдуллаев ардагерге және оның отбасына амандық саулық тілеп, аудан әкімдігінің құттықтау қағазы мен бір миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етті.

 

Құттықтау іс-шарасына аудандық мәслихат төрағасы  Рысбек Асылбекұлы,  Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы  Айдос Тулендиев, Келес және Сарыағаш аудандары бойынша қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы Бекзат Шахирбаевтар қатысты.

 

Ардагер құрмет көрсетуге келген аудан әкімін қуана қарсы алып, өзінің майдан даласындағы кешкен қиыншылықтарынан сыр шертіп, қан майдандағы шайқастарын, қарулас достарын, соғыс даласындағы ерліктерін әңгімелеп берді. Сөз соңында жас ұрпаққа бейбіт өмір мен амандық тілеп, алғысын айтып, ақ батасын берді.

 

Ұлы Отан соғыс ардагері Эрмохан Ишхонов 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. 1948 жылы әскери қызметті тоқтатқан. I дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», ордендерімен, «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгінгі таңда, 33 немере, 49 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отырған қазыналы қария.

 

Мемлекет тарапынан  Жеңістің 80 жылдығына орай ҰОС ардагеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілген.

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі