9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Ұлы Отан соғысының ардагері,103 жастағы қариямыз Эрмохан Ишхоновтың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына» арналған мерекелік медалін және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің арнайы құттықтауы хаты мен сый-сияпатын табыстады.
Ардагер құрмет көрсетуге келген қонақтарды қуана қарсы алып, өзінің майдан даласындағы кешкен қиыншылықтарынан сыр шертіп, қан майдандағы шайқастарын, қарулас достарын, соғыс даласындағы ерліктерін әңгімелеп берді. Сөз соңында жас ұрпаққа бейбіт өмір мен амандық тілеп, алғысын айтып, ақ батасын берді.
Ардагер 1923 жылы 1 қаңтарда Ташкент облысы Калинин ауданында дүниеге келген. 1942 жылы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанған. I-дәрежелі «Отан соғысы», «КСРО Гвардиясы», «1941-1945ж Отан соғысы» ордендерімен, “Мінсіз қызмет атқарғаны үшін”, “Украинаның 50 жылдығы”, “Ерлігі үшін” сынды көптеген медальдармен марапатталған.Бүгінде, ардагер 4 ұл мен 3 қыздан 33 немере, 49 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр.
Эрмохан Ишхонов – халқымыздың батыр ұлы, жүріп өткен жолы — өскелең ұрпаққа үлгі, ел есінде мәңгі сақталатын тұлға.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі