
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың төрағалығымен Келес ауданында жедел штаб отырысы өтті. Штаб отырысына Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, қатысты. Жиын барысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу бойынша жауаптылардың есептері тыңдалды.
Қазіргі таңда дернәсілдер оянып, белсенділігі артты. Мамандардың мәлімдеуінше зиянкестермен күреске Арыс қаласы бойынша Қожатоғай, Ақдала, Монтайтас, Дермене ауыл округтеріне 22 жұмысшы топ, Сарыағаш ауданы бойынша Әлімтау, Дарбаза, Жылға, Тегісшіл, Қызылжар, Дербісек, Жібек жолы, Ақжар ауыл округтеріне 15 жұмысшы топ, Келес ауданы бойынша Бірлік, Жамбыл, Бозай, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек, Қошқарата ауыл аймақтарына 17 жұмысшы топ жұмылдырылуда.
Соңғы мәліметтер бойынша дернәсілдер анықталған аймақтар бойынша Арыста - 46, Келесте - 26, Сарыағашта 13 техника алқаптарды дәрілеуге қатысуда.
Нұрбол Тұрашбеков бекітілген тізімге сәйкес анықтаушылардың жұмысқа толық қатысуын қадағалауды тапсырды. Бекітілген басқармалар тарапынан қосымша аспалы бүріккіштер жеткізілген. Жаңа ошақтарды анықтайтын зерделеушілердің қатарын көбейту керектігі де ескертілді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі