
Бүгін Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Сарыағаш қаласында орналасқан орталық стадионға жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарын талқылау үшін жобалаушы мекеме және құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме өкілдермен кездесті.
–Стадионға орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы жоғары сапалы және жан-жақты қауіпсіздік шаралары да ескерілуі қажет. Тұрғындар игілігіне салынатын әрбір дүние сапалы және толық қызмет атқаруы қажет, – дей келе Арман Абдуллаев, стадионға орнатылған жабдықтардың сапасы бойынша жобалаушы мекеме өкілдеріне бірқатар ескертулер беріп, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерге сапалы материалды пайдалануды тапсырды. Оған қоса, жұмыс жоспарына сәйкес құрылыс нысанына әр екі апта сайын арнайы барып, жіті бақылайтындығын жеткізді. Салаға жауапты басшыларға жобаны егжей-тегжейлі зерделеп, нәтижесін баяндауды тапсырды.
Сарыағаш аудандық балалар және жасөспірімдер спор мектебіне қарасты орталық стадион құрылысына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, 2025 жылға 200 млн теңге бюджеттен қаржы бөлінген. Жалпы жоба құны 858,059 млн теңге, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме “ ВИБО-строй” ЖШС.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі