САРЫАҒАШТА  КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 100-ДЕН АСА  ТҰРҒЫНҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ

САРЫАҒАШТА  КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 100-ДЕН АСА  ТҰРҒЫНҒА БАСПАНА КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ

 

Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Сарыағаш  қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 140 пәтер кілті табысталды. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы барып, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді.

 

 

– Бүгін сіздермен ерекше қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Сіздерді Рамазан айымен қатар келген Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Өңірімізде баспанамен қамту шаралары бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Үйлі болғандар саны артуда. Солардың қатарында сіздер де бүгін баспанаға қол жеткізіп отырсыздар. Сіздермен бірге өзіміз үй алғандай қуанып жатырмыз. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тұрғындарды баспанамен қамту тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Құтты болсын! Шаңырақтарыңыз берекелі әрі бақытқа, шаттыққа толы болсын! – деді Арман Абдуллаев.

 

 

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Сарыағаш қаласының  аумағында  арендалық тұрғын үйлер салынды. Атап айтқанда: екі қабатты үйден 1 бөлмелі 20 пәтер, 12 үй 1 бөлмелі 48 пәтер, 14 үй 2 бөлмелі 54 пәтер, 9 үй 3 бөлмелі 18 пәтердің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтар: жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көпбалалы отбасыларға жалпы  140 арендалық тұрғын үй берілді.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі