САРЫАҒАШ: НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНДЕ 140 ОТБАСЫҒА ҮЙ КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

САРЫАҒАШ: НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНДЕ 140 ОТБАСЫҒА ҮЙ КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

22 наурыз - Ұлыстың Ұлы күніне  орай «Қош келдің –әз Наурыз» атты мерекелік шарасына  Төле би алаңында киіз үйлер тігіліп, алаң мерекеге сай безендірілді. Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Бүгін осынау айтулы мерекені аудан тұрғындары да ерекше қуанышпен атап өтті.

 

 

Мерекелік шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов, Жәнібек Сүлейменов, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Мұстапа Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаттары  арнайы қатысып, әрбір киіз үйде ұйымдастырылған «Құрсақ шашу», «Ерулік», «Бесікке салу», «Сырға салу», «Тілашар», ұлттық дәстүрлерді тамашалады. Аудан тұрғынының өтінішіне сәйкес Арман Абдуллаев  «Тұсау кесер» дәстүрі бойынша сәбидің тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тіледі, ал үлкендер ақ батасын берді. Қазақтың салт-дәстүрлері, ұлттық киімі, тағамы, ою өрнегі шараның шырайын аша түсті.

 

 

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шарада аудан әкімі Арман Абдуллаев сөз алып барша аудан тұрғындарымен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады. Наурыз мейрамында ерекше қуаныш орын алды. Арман Абдуллаев сахна төрінде  арендалық  тұрғын үйлердің кілттерін табыстады. Аудан тұрғындары үшін  бұл  үлкен қуаныш, себебі 140 отбасы жаңа арендалық тұрғын үйлерге қоныс аударады.

 

 

Мерекелік көңіл-күй сыйлап, қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрдің айшықты бейнесі көрсетілген шарада Түркістан облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов,  аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы да жылы лебіздерін білдірді. «Жеңіс» саябағында ұлттық спорттық ойындарды насихаттау мақсатында жастар алтыбақан теуіп, балалар асық ойнады.

 

Шараның мақсаты — қазақтың ежелден келе жатқан салт-дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын жаңғырту, халыққа кеңінен насихаттау. Жастардың өнерін, ойын, көзқарасын, танымын қалыптастыруда мұның тәрбиелік мәні зор.

 

Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі