Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерьге баруға асығады. Осы орайда, бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагерінің маусымдық ашылу салтанаты болып өтті.
-Қайырлы күн, құрметті балалар, лагерь ұжымы! Бүгінгі «Балдаурен» балаларды сауықтыру орталығының маусымдық ашылуы құтты болсын! «Балалар – біздің болашағымыз, ертеңіміз. Елдігіміздің тірегі де осы жастардың арасында өсіп келеді. Біз ең алдымен бүлдіршіндердің балалық шағының бақытты өтуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Қадірлі балалар! Сендердің жақсы білім алып, жақсы демалуларың үшін барлық жағдай жасап жатырмыз. Сендер тек мектепте озат қана емес, ата-аналарыңның, елдің мақтанышы болуларың керек. Мен сендерге сенемін! Сәттілік, жақсы демалыс болсын!,-деп аудан басшысы балаларға деген ыстық лебізін жеткізе отырып арнайы, ашып берді.
Салтанатты шара еліміздің әнұранымен басталып, балалар ән айтып, би билеп өз өнерлерін көрсетті.
Айта кетсек, жазғы лагерьде жалпы 2100-ға жуық балаларға жолдамала берілуі жоспарлануда. Оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасынан 1160, көп балалы отбасынан 800, тұл жетім 40, жартылай жетім 50, үздік 150 оқушылар қамтылған. Сонымен қатар, жазғы маусымдық демалу ұзақтығы – 10 күндік болып , 11-ші маусымынан бастап 23-ші тамызға дейін 7 ауысымды демалыс жоспарлануда. Аталған орталықта балалар күнделікті өткізілетін іс-шара жоспарына сәйкес демалады. Таңертең таңғы жаттығулар жасап, тәлімгерлер көмегімен әртүрлі ойындарға, үйірмелерге қатысады. Әртүрлі байқаулар, спорттық жарыстар, кешкісін балаларға арналған би кештері ұйымдастырылады.Сондай-ақ, күнделікті 5 мезгілдік ыстық тамақпен қамтылуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі