Қайырлы күн, құрметті тұрғындар! Қадірлі қонақтар!

Қайырлы күн, құрметті тұрғындар! Қадірлі қонақтар!

Баршаңызды ырыс пен берекенің бастауы, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де ел еңсесі биіктігінің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.
Қазақ елінің тәуелсіздігімен бірге қайта жаңғырып, халықаралық мәртебеге ие болған бұл мейрам бүгінде елдің бірлігіне, татулығына, тұрақтылығына қызмет етіп келеді.
Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде.
Халқымыз барлық игі бастама мен ұлы істі ырымдап осы күні бастағандықтан, «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Сондықтан бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке кемел жоспар құрамыз.

Жаңа Қазақстанның өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.
Бұл халқымыздың болашаққа сенімін арттыратын, жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отырып, ынтымақ-бірлікті одан әрі жарастыратын, ата-бабаларымыздың ұлы мұрасы – салт-дәстүрді бағалап, бірлік пен берекені сақтау үшін игі істер жасауға мүмкіндік беретін күн.
Сонымен қатар, кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі.
Адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен діліне бөлмейтін, бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесі әр шаңыраққа құт-береке мен шаттық әкелсін.
Биылғы жылы елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру ісінің аясында республика көлемінде Наурыз мерекесін 10 күн бойы атап өтілуде. Бұл үрдісті біздің ауданымызда да қолға алып, әрбір күнге атау беріп, 10 күн бойы Наурыз тойын тойлап жатырмыз.

Құрметті жерлестер!

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Ұлыстың ұлы күнінде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық,бақ-береке тілеймін.
Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін!
Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!

Құрметпен,
аудан әкімі Абдуллаев Арман Айдарұлы