Қымбатты ақ жаулықты аналар, аяулы апалар мен қыз - келіншектер!

Қымбатты ақ жаулықты аналар, аяулы апалар мен қыз - келіншектер!

Көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз- Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Жер бетіндегі жақсылық, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен таралады. Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес.

Қазақ әйелі – ең әуелі, ардақты ана, отбасының сақтаушысы болып отыр. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуымен жүректегі мейірімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жас ұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр.

«Қыз өссе елдің көркі» деген дана халқымыз қыз баланы да ерекше құрметтеп, әрқашан төрден орын берген. Қазақ қызы қашан да сұлулығымен, даналығымен ғана емес, ерлігі және қайсарлығымен дараланған. Қазір де еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген арулар баршылық.
Біздің қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе де, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізе отырып, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі.

Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Бүгінде ауданымызда көп балалы аналарымыз 6744-ке жетті. Олардың 158-і «Батыр аналар», 1489-ы «Алтын алқа», 4848-і «Күміс алқа», 249 ана І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған.
Бүгінгі күні қоғамымыздағы Сіздердің қажырлы еңбектеріңізбен жасалып жатқан игілікті жақсылықтарыңыз еліміздің баянды болашағының негізі екені белгілі.

Қымбатты аналар мен апа – қарындастар!
Көктемнің жұпар иісі мен шуағын ала келген мереке баршаңызға бақыт сыйласын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Құрметпен,
Аудан әкімі
Абдуллаев Арман Айдарұлы