Ауданда ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бет бұрған білім ордасы Құркелес ауылдық округі, Нұрлы жол елді мекенінде орналасқан. № 50 Болатбек Омаров атындағы білім ұясында оқушылар ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті оқу барысында киюді әдетке айналдырған. Мектеп ұстаздары күнделікті сабақ барысында қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру мен еңбек пәндерінде ұлттық дәстүрді айшықтауды мақсат еткен.
Сондай-ақ, оқушылар үйірме сабағында домбыра үйреніп, ұлттық биге машықтануда. Сонымен қатар, ұлттық спорттың тоғызқұмалақ түрін меңгеріп, асық атуды да меңгерген. Тіпті, қазақ күресінен жүлделі орындарды иеленіп, байрақты бәсекелерде аудан мерейін үстем еткен оқушылар да бар. Ұлттық құндылықтарды тек сабақ оқыту үдерісінде ғана емес, түрлі сайыстармен де дәріптеуде.
Білім ордасында қыз бен жеңге арасында, әкелер мен ұлдар арасындағы жарыстар жиі ұйымдастырылады.Осы орайда, бұл бағыт мектеп оқушыларының рухани дамуына, бойларындағы ұлттық төлтума болмысты қалыптастыруға сеп болуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі