
Бүгін аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті. Мерекелік шара №78 жалпы орта мектебінде аталып өтілді. Жаңа жылдық шыршада көтеріңкі көңіл күймен келген бүлдіршіндерді аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ертегі кейіпкерлері бейнесінде қарсы алды. Балалардың қуанышына аудан әкімі Арман Абдуллаев ортақтасып, бүлдіршіндерге сыйлықтарын табыстады.
Жаңа жылды жыл бойы асыға күткен бүлдіршіндерге аудан әкімі шыршаға келіп қатысқан балалар мен қонақтарға жылы лебізін білдірді.
- Құрметті балалар! Сіздерді кіріп келе жатқан Жаңа 2024 Жылмен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі шара – жас ұрпаққа арналған Жаңа жылдық сый. Осы жарқын сәттер балалардың естерінде ұзақ сақталады және алдағы жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуға септеседі деп ойлаймын. Жақсы оқыңдар, үлкенді сыйлаңдар, Отанымызды мақтан тұтыңдар, сонда біздің Қазақстанымыз үлкен жетістіктерге жетеді. Қымбатты жас достар! Жаңа жылда денсаулықтарыңыз мықты, көңіл-күйлеріңіз көтеріңкі болып, оқуды тек қана «өте жақсы» деген бағамен оқып, биік шыңдарды бағындыра беріңіздер. Жаңа жыл құтты болсын! -деді аудан әкімі Арман Абдуллаев
Жаңа жылдық шыршада кішкентай көрермендер үшін ертегі кейіпкерлерімен дайындалған қойылымдар оларға ерекше әсер сыйлады. Балалардың жүздеріне күлкі мен шаттық ұялап, олар жасыл шыршаның жанында ән шырқады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі