Бүгін ауданымызда «Ұстазыма мың алғыс!» атты ұстаздар күніне арналған мерекелік шарасы өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, білім саласында табанды еңбек еткен ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттап,бағалы сыйлықтар және гүл шоқтарын табыстады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы - адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» – демекші, ұстаздық – мәртебелі мамандық. Себебі ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастыратын ардақты тұлға. Қадірлі ұлағатты ұстаздар!Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де - ұстаз. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз үшін баршаңызға шексіз алғысымызды білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қиын да қастерлі ұстаздық қызметте табыс тілеймін,- деп аудан басшысы жылы лебізін білдірді.
Сарыағаш аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламаларымен жалғасып, өнерпаздар аудан тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар,аудан басшысы мұғалімдер күніне арнайы жас қолөнершеберлерінің туындыларынан дайындаған көрмені тамашалап,жасөспірімдерге бастамаларында сәттілік тіледі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі