САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ  МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясындағы ауданның мәдениет күндерін «Visit Turkistan» орталығы алаңында аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концерт қорытындылады. Салтанатты шараны аудан әкімі Арман Абдуллаев ашып беріп, Түркістан жұртшылығын облыстың 5 жылдығымен құттықтады.
Концерттік бағдарлама «Еркетай» би тобының орындауындағы «Туған өлке» экспозициясымен басталды. Аталмыш шарада танымал тұлғалардың бірі, «Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері», әнші Медеу Арынбаев, Дархан Абсұлтанов, Ташкент қаласында өткен Халықаралық «Жаз жұлдыздары» балалармен жасөспірімдер байқауының Гран при иегері Айша Уалихан, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі, Сапаховтар отбасылық ансамблі, «Еркетай» би тобы, «Мейрам» тобы, «Шашбаулым» би тобы өнер көрсетті.
Цирк өнерінің майталманы, тұңғыш жыртқыш аң үйретуші қазақ қызы Жанат Қалыметоның қызы өнер көрсетіп, көпшілікті тамсандырды. Халықтық драма ұжымының сахналауындағы «Бастаңғы» театрландырылған көрінісінде жеңге мен қайны арасындағы әдемі қалжың мен әсерлі әндер айтылып, кешті аудан әншілерінің орындауындағы «Түркістаным – Тұраным» әні қорытындылады.
Бұған дейін Этноауыл аумағында «Асыл мұра» атты қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесінен бастау алған ауданның мәдениет күндері қала тұрғындары мен қонақтарын тамсандырған болатын. Рухани-мәдени шара аясында ұлттық салт-дәстүр мен ғұрыптардан көріністер көрсетілді.
Сонымен қатар терме, халық әндері мен дәстүрлі әндер орындалды. Сондай-ақ, асық ату, ләңгі тебу, жаяу тартыс пен хан алшыдан сайыстар өткізіліп, шетелдік туристердің қызығушылығын тудырды. «Сарыағаш сыйы» атты ауданда өндірілген өнімдер мен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі өткен болатын.
Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі