АУДАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ҚОЙЛАР КӨРМЕСІ ӨТТІ

АУДАНДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ҚОЙЛАР КӨРМЕСІ ӨТТІ
Ағымдағы жылдың 27-наурыз күні Қабланбек ауылдық округі, Тасқұлақ елді мекенінде «Етті-май бағытындағы Халықаралық асыл тұқымды қойлар» көрмесі өтті. Көрмеге Ресей, Молдова, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келген 100-ден аса қой өсіруші азаматтар және еліміздің 8 облысынан келген шаруалар қатысты. Шараның басы қасында болған аудан әкімі М.Отаршиев:
-«Өркениетті өндіріске бет бұрып, саннан сапаға көшу қажет. Алдағы уақытта Шопан ата түлігін өсіруде табыс табу үшін өнімділігі жоғары асыл тұқымдысын ұстау басты шарт. Етті және жүнді қой өсіру бүгінгі заман талабы. Асыл тұқымды қойлардың тағы бір артықшылығы-нарықта өтімді. Осындай шаралардың арқасында жергілікті шаруалар асыл тұқымды малдарды өсіруде білікті шаруалармен мол тәжірибе алмасады. Яғни, осындай көрмелерді жиі ұйымдастырудың берері көп»,-деді өз сөзінде.
Шара шеңберінде етті-майлы қой тұқымының «Ең ауыр салмақты», «Ең биігі» аталымдары бойынша байқаулар өтті. Нәтижесінде 45 номинацияның жеңімпаздары анықталды. Сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы үздігі», «Үздік қой өсіруші шаруашылық» және «Үздік асылдандырушы» төсбелгілерімен марапаттады.
Бүгінгі таңда аудан бойынша қойдың саны 500,1 мың басты құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 10,1% артты. Облыста 2 орынды еншілеп, 10,8 пайызды құрап отыр. Қазіргі таңда, ауданда 1000 бастан жоғары 2 мал бордақылау алаңдары, 40 шағын мал бордақылау алаңдары, жұмыс жасап жатыр.
Сонымен қатар, мал басы мен өнімділік 4-5 %-ға өсім көрсетті. Сәйкесінше ет өндіру 102,4 % артып 2,9 мың тонна, сүт өндіру 103,0 % артып 7,5 мың тонна, жұмыртқа өндіру 127,6 % артып 20,7 млн.дана өндірілді.
(с) Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі