Құқықтың әр саласында заң жобасын кеңінен әрі серпінді жаңарту жағдайында әкімшілік әділет институтын енгізу Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформаның негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Заң қоғам қажеттілігіне сай дайындалатынын мойындауымыз керек. Шындығында, әкімшілік әділет институтын енгізетін уақыт жетті. Мұндай құжат бүгінде Латвия, Болгария, Нидерланды секілді елдерде бар. Арнайы заң жұмыс істеп тұрған соң өз арыздарының тыңғылықты зерттелетініне, сапалы қаралатынына азаматтар да сенеді. Содан болар, бұл елдерде жария-құқықтық даулар бойынша арызданатындар да аз емес.
Сондай-ақ шағымдардың қорытындысы бойынша (мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу) елімізде келіп түскен арыздарға қатысты шешім шығарылатын болса. Осы істерде мемлекеттік органдардың пайдасына шығарылған шешімдер саны екі есе жоғары екені байқалған.Яғни, қарапайым халық екі есе ұтылып отыр.
Теңсіздікті жоюға, азаматтардың құқығын қорғауға қолайлы жағдай туғызуға мемлекет міндетті. Мұндай деректер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жедел қабылдануын талап етіп отыр. Жаңа кодексте судья белсенділігін арттыруға ден қойылған. Соған сәйкес, енді қазылар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып, шешім шығармайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратуға құқылы. Егер сот дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға да мүдделі. Ең бастысы, ендігі жерде әкімшілік мекемелер өз істерінің дұрыстығын өздері дәлелдеуі керек. Азаматтар мұндай әурешіліктен босатылады. Сонымен қатар, жария-құқықтық даулардың қаралу тәртібі бүгінгі заман талаптарына сәйкес келмейді. Осы уақытқа дейін бұл мәселе Әкімшілік рәсімдер туралы кодекс аясында шешілгені белгілі. Ал бұл кодекс негізінен таза әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмыстарын реттеуге бағытталған. Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмасының мәні де осы түйткілді жоюға арналуы тегін емес. «Әкімшілік әділет жария-құқықтық дауларды қараудың мықты механизмі» деп бағалаған Президент мемлекеттік орган мен азаматтар арасындағы дауда дәлелдерді жинау ғана емес, сол дәлелдердің шынайылығына жауаптылықты да құзырлы орындарға жүктеуді тапсырған. Сондай-ақ, заңнамадағы түсініксіз, бір-біріне қайшы тұстар азаматтардың пайдасына шешілуітиістігі туралы айтылған.
Қоғамның түрлі салаларында туындаған даулардың кейбірінде азаматтар мемлекеттік органдармен, лауазым иелерінің шешімдерімен келіспей жатады. Өкінішке қарай, көп жағдайда жеке адамдардың мүддесі, құқығы сотта жоғары деңгейде қорғала бермейді. Оның себебіне тоқталсақ, құқықтық даулардың көбісі азаматтық-процестік кодекстің аясында қаралады. Яғни, азаматтық-процестік заңнамаға сәйкес, тараптар тең. Тараптар тең деген түсінік бойынша мемлекеттік орган, оның құқықтық аппараты заңгерлер корпусымен жеке адамдардың мүмкіндігін салыстыру қиын. Осы жерде теңсіздік туындайды. Осы орайда ол аталған теңсіздікті жою үшін елімізде ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКСІ қабылданған, бұл Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Атап айтқанда, бұл Кодекс жеке адам мен заңды тұлғаның мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаларға қарсы өзінің құқығын дұрыс қолдануына зор мүмкіндіктер жасайды.
Сарыағаш ауданы әкіміаппараты