Сарыағаш ауданында ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында денсаулық сақтау нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев Жартытөбе және Көктерек ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердегі медициналық нысандарды аралап, атқарылған жұмыстардың барысымен танысты.
Нысандарды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына назар аударып, жауапты мердігерлерге анықталған кемшіліктерді жою және белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.
Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде жаңа медициналық нысанның құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда нысанды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен және аппараттармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Ал Көктерек ауылдық округіне қарасты Дархан елді мекенінде фельдшерлік нысанның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, аумағын абаттандыру және ретке келтіру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар нысан қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуда.
Айта кетсек, жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекті уақытылы әрі тұрғылықты жеріне жақын жерде алуына мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі