Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Шекаралық үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Жиын басталмас бұрын аудан әкімі Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының жаңадан тағайындалған бастығы, полковник Асқар Аяғановты аудан активіне таныстырды.
Кеңес отырысында шекаралық аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік шекараны қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы бірқатар өзекті мәселе қаралды.
Күн тәртібінде шекаралық аймақта жүрген шетел азаматтарына заңсыз қызмет көрсетуге жол бермеу, сондай-ақ «Жібек-жолы» шекаралық бақылау бөлімінің жөндеу жұмыстарынан кейін қайта ашылуына байланысты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Сонымен қатар шекара маңындағы қонақ үйлер, хостелдер мен жеке тұрғын үйлерді жалға беру кезінде заң талаптарының сақталуына ерекше назар аударылды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасының бастығы, полковник Асқар Аяғанов баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты мемлекеттік органдарға, қала және ауылдық округ әкімдеріне шекаралық аумақта қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі