Сарыағаш ауданында қазыналы қарияларға құрмет көрсету мақсатында тағылымы мол мерекелік іс-шара өтті. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты жиынға ауданның ардагерлері мен ақсақалдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мерекелік іс-шара Сарыағаш қаласындағы «Нариман» салтанат сарайында ұйымдастырылып, қазыналы қарияларға арнайы дастархан жайылды. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев сөз сөйлеп, барша қарияларды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы елдің өсіп-өркендеуіне еселі еңбек сіңірген бірқатар ардагерлерді арнайы төсбелгілермен және Алғыс хаттармен марапаттады.
– Үлкенге құрмет көрсету – халқымыздың санасына сіңген асыл қасиеттердің бірі. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгінде еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, биік белестерді бағындыруында сіздердің қосқан үлестеріңіз орасан зор. Өмірден көргені мен көңілге түйгені мол қарияларымыз – кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, елдің рухани тірегі саналатын асыл жандар. Сіздерге қамқорлық жасау – біздің перзенттік парызымыз. Ел экономикасын дамытуға, қоғамның қалыптасуына және Отанды қорғауға қосқан еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке, ел-жұртымызға ынтымақ пен бірлік тілеймін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ мерекелік жиында аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Арапбаев сөз сөйлеп, қарияларға ізгі тілектерін жеткізді. Бірқатар ардагерлерге Алғыс хаттар табысталып, олардың ел игілігі жолындағы еңбектері атап өтілді.
Мерекелік іс-шара барысында қариялар өзара ақжарма тілектерін білдіріп, ізгі ниеттерін жеткізді. Әсем ән мен күйге ұласқан концерттік бағдарлама жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі