Табиғи газ инфрақұрылымын дамыту – елді мекендердегі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Осы орайда ауданда елді мекендерді табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың Дарбаза ауылдық округіне іссапары барысында Тасқұдық, Сарысу және Құрысай елді мекендерінде жүргізілген газ құбырларын жүйеге қосу жұмыстарының барысымен танысты.
Аралау барысында аудан басшысы жауапты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер мекем өкілдеріне жылыту маусымының жақындауына байланысты құжаттандыру жұмыстарын аяқтап тұрғындарға табиғи газды қосу қажеттігін ескертті.
Бүгінде елді мекендерде негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес мердігер мекеме «Ынтымақ-ОК» ЖШС-гі тарапынан үш елді мекен аумағында жалпы 49,9 шақырым табиғи газ құбырлары жүргізілген.
Алдағы уақытта нысан пайдалануға берілгеннен соң Тасқұдық, Сарысу, Құрысай елді мекендеріндегі 207 абонент табиғи газға қосылып, «көгілдір отын» игілігін көретін болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі.