Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дүйсембиев Жандос Жұмабайұлы Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс барысымен танысты.
Нысанды Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаевпен бірге аралап, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасы бақылауға алынды. Сондай-ақ, құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын жеделдету, технологиялық жабдықтарды уақтылы іске қосу сияқты маңызды бағыттардың бірі бойынша нақты міндеттер талқыланып, айқындалды.
Қазіргі таңда нысандағы инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс қарқыны жоспарға сәйкес сақталуда. Алты жолақты кеден бекеті іске қосылғаннан кейін тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты өткізуге мүмкіндік береді. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарлануда.
Жалпы алғанда, өткізу пункттерін жаңғырту олардың инфрақұрылымын жақсартуға, тасымалдаушылар, жеке тұлғалар мен туристер үшін шекарадан жайлы өтуге барлық жағдайды жасауға, мемлекеттік бақылау түрлерін сапалы жүргізуге, өткізу қабілетін арттыруға және шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі