САРЫАҒАШ: «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

САРЫАҒАШ: «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ
 
Сарыағаш ауданында қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс жұмыстарының барысы бақылауға алынды.
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық мәслихат депутаттары Алмас Салимов пен Қайрат Салыбеков, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев және жауапты сала мамандары нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының қазіргі жай-күйімен танысты.
Жұмыс сапары барысында нысанда атқарылып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен қарқыны, орындалу деңгейі, инженерлік инфрақұрылымның дайындығы және кеден бекетін белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселелері талқыланды. Жауапты мамандар жүргізілген жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Қазіргі таңда нысанда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталған. Ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізіліп, қалған құрылыс жұмыстарын аяқтау бағытында тиісті шаралар атқарылуда.
Нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасына және бекітілген мерзімдердің сақталуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар кеден бекеті іске қосылғанға дейін оның үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қажетті арнайы құрал-жабдықтар мен аппараттарды уақытылы жеткізу және орнату мәселесін жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жауапты тұлғаларға қажетті құрал-жабдықтардың тізбесін нақтылап, олардың белгіленген мерзімде жеткізілуін, орнатылуын және толық пайдалануға дайын болуын қамтамасыз ету міндеттелді. Бұл ретте кедендік бақылау жұмыстарын заманауи талаптарға сай ұйымдастыру үшін нысанның материалдық-техникалық базасын толық қалыптастыру қажеттігі айтылды. Жауапты мердігерлер мен сала мамандарына құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді созбалаңға салмай шешу және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау жүктелді.
Айта кетсек, алты жолақты «Жібек жолы» кеден бекеті толық іске қосылғаннан кейін оның өткізу мүмкіндігі едәуір артады. Нысан тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты өткізуге мүмкіндік береді деп жоспарлануда. Бұл шекарадағы өткізу қабілетін арттырып, азаматтар мен көлік құралдарының қозғалысын жеделдетуге және кедендік бақылау рәсімдерін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы тиісті органдардың тұрақты бақылауында болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі