Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек ауылдық округіндегі кәріз тазалау кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысып, жобаның жүзеге асырылу барысын пысықтады.
Аудан әкімі жауапты сала мамандары және мердігер мекеме өкілдерімен бірге нысандағы жұмыстардың сапасы мен қарқынын талқылап, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Көктерек кентіндегі кәріз тазалау кешенінің құрылысын «Сарыағаш Аман» ЖШС жүргізуде. Бүгінде нысанда негізгі құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігі атқарылған.
Атап айтқанда, 6036 метр кәріз құбыры тартылып, бір кәріздік сорғы станциясы мен үш сарқынды су қабылдау камерасы орнатылды. Төрт биологиялық тазарту резервуарының бетондау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, ұзындығы 455 метр қоршау және екі өрт сөндіру резервуары толық салынды.
Қазіргі уақытта операторлық ғимарат пен қалдық суларды тазалау нысанының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аралық жабынды орнатуға дайындық жүргізіліп, авариялық жағдайда пайдаланылатын төрт су қабылдау қоймасының құрылысы атқарылуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі