САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНЫ АШЫЛДЫ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЖАҢА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНЫ АШЫЛДЫ
 
Сарыағаш ауданында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жаңа нысан пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, кәсіпкерлік саласының өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Жаңа нысанның құрылысы 2024 жылы басталған. Жалпы аумағы 4200 шаршы метрді құрайтын ғимарат төрт қабаттан тұрады. Нысанда ойын-сауық орны, дәріхана, дәмхана, жылдам тамақтану орны, мейрамхана және тәтті тағамдар сататын орындар қарастырылған. Сонымен қатар ғимараттың 2-3-қабаттарында 36 нөмірлі қонақүй орналасқан. Төртінші қабатта келушілерге арналған ашық терраса қарастырылған. Жобаны жеке кәсіпкер Балибек Мамедов жүзеге асырған. Кәсіпкерлік нысанға тартылған инвестиция көлемі 500 млн теңгені құрайды.
Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев жаңа нысанның ашылуы аудан экономикасының дамуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасының жақсаруына оң ықпал ететінін атап өтті. Аудан басшысы кәсіп иесіне кәсібіне береке, жұмысына табыс тілеп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне ізгі тілегін білдірді.
Айта кетсек, жаңа нысанның іске қосылуы – Сарыағаш ауданындағы кәсіпкерлік саласының дамуына серпін беретін маңызды жобалардың бірі. Мұндай бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі