САРЫАҒАШ: ЗАҢСЫЗ КАРЬЕР ҚАЗУ ФАКТІЛЕРІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

САРЫАҒАШ: ЗАҢСЫЗ КАРЬЕР ҚАЗУ ФАКТІЛЕРІ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ
 
Сарыағаш ауданында жер қойнауын заңсыз пайдалану және карьерлерді тиісті рұқсатсыз қазу фактілерінің алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.
 
Түнгі уақытта тұрғындар тарапынан түскен өтініш негізінде аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған мәселеге жедел ден қойып, оқиға орнына барып, жағдаймен танысты.
 
Аудан аумағында тиісті рұқсатсыз карьер қазу, жер қойнауын заң талаптарын бұза отырып пайдалану және табиғи жер бедеріне зиян келтіру фактілеріне жол бермеу қажеттігі атап өтілді. Аудандық полиция басқармасының бастығы Досжан Нұсқабековке карьерлерде заңсыз жұмыстар жүргізілуіне жол бермеу, анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау және аталған бағыттағы бақылау жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
 
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес, жер қойнауын пайдалану белгіленген талаптар мен тиісті құқықтық негіздер болған жағдайда жүзеге асырылады. Заң талаптарын бұза отырып жер қойнауын пайдалану жауапкершілікке әкеп соғады.
 
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі