
Сарыағаш ауданы аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жол белгілерін жаңарту және арнайы жолақтарды сызу жұмыстары жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес, аудан аумағында жалпы 100 шақырым жолға ақ жолақтар сызылып, сондай-ақ 1200 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолағы жүргізіледі. Жаяу жүргіншілер өткелдерін белгілеу кезінде сапалы термопластикалық материал қолданылуда. Бұл материал жол белгілерінің беріктігін қамтамасыз етіп, олардың ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік береді. Аталған жұмыстарды орындау бойынша конкурс нәтижесінде жеңімпаз болып «Мэри компани» ЖШС анықталып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар басталды.
Қазіргі уақытта Сарыағаш қаласының Майлықожа, С.Дүйсебаев, С.Ысмайылов, Әйтеке би және өзге де негізгі көшелерінде жолақтарды сызу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағындағы білім беру ұйымдары мен балабақшалардың маңына да жаяу жүргіншілер өткелдері белгіленетін болады. Жұмыстар белгіленген талаптарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі