САРЫАҒАШ: ӨНДІРІСТІК КӘСІПОРЫННЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

САРЫАҒАШ: ӨНДІРІСТІК КӘСІПОРЫННЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
 
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимовпен бірге «БАРСӘТ» ЖШС-нің өндірістік орнын аралап, даму жоспарларымен танысты.
 
Аралау барысында кәсіпорынның өндірістік желісі, жұмыс орындарының тұрақтылығы, өнім көлемі және өндірісті кеңейтуге бағытталған жоспарлары қаралды. Кәсіпорын басшылығы өндіріс үдерісінің ерекшеліктері мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар жөнінде ақпарат берді.
 
1997 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан «БАРСӘТ» ЖШС – минералды су өндіруге маманданған өндірістік кәсіпорын. Бүгінде мұнда 44 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорында 15-тен астам заманауи құрал-жабдық пайдаланылып, газдалған және газдалмаған минералды су өнімдері өндіріледі.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 6 миллион данадан астам минералды су өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Өндірілген өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа бағытталып, Сарыағаш ауданымен қатар Ақтау, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Орал қалаларына жеткізіледі.
 
«БАРСӘТ» ЖШС-нің ұзақ жылдан бері аудан экономикасына тұрақты үлес қосып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып келе жатқаны атап өтілді. Алдағы кезеңде кәсіпорын өндірісті жаңғырту, өндірістік қуаттарды ұлғайту және жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.
 
Айта кетсек, жаңа өндірістік жобалардың жүзеге асуы кәсіпорынның инвестициялық әлеуетін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін салық түсімдерін көбейтуге және аудан экономикасының одан әрі дамуына оң ықпал етеді.
 
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі