Сарыағаш ауданында тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы мақсатта Жартытөбе және Көктерек ауылдық округтерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жүзеге асырылуда. Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған нысандарға барып, құрылыс жұмыстарының барысын бақылап, олардың қазіргі жағдайымен танысты.
Аудан басшысы құрылыс сапасына ерекше мән беріп, нысандардың белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтті. Жауапты мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, бекітілген талаптарды қатаң сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде салынып жатқан медициналық нысанның негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта ғимараттың сыртқы бөлігін абаттандыру, нысан аумағын ретке келтіру және көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.
Ал Көктерек ауылдық округінің Дархан елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттің ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар нысанның сыртқы ауласын ретке келтіру және абаттандыру жұмыстары атқарылуда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі