Сарыағаш қаласының көркін айшықтап, тұрғындар мен жолаушыларға қызмет көрсететін маңызды нысандардың бірі – теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Қазіргі таңда нысандағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, вокзалды толық пайдалануға беру алдындағы жұмыстар жүргізілуде.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев вокзалға арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Аудан әкімі құрылыс сапасына, белгіленген талаптардың сақталуына және нысанның уақытылы аяқталуына ерекше назар аударды.
Жұмыс барысында мердігер ұйым өкілдерімен бірге ғимараттың ішкі және сыртқы бөліктері, жолаушыларға арналған орындар, аумақты абаттандыру және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.
Бүгінде вокзал ғимаратының сыртқы келбетін жаңарту, қасбетін ретке келтіру және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталған. Ғимараттың ішкі бөлігінде әрлеу жұмыстары қорытындыланып, соңғы тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар вокзалдың ішкі кеңістігін қажетті жиһаздармен және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары атқарылуда.
Аудан басшысы жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың әрбір кезеңін сапалы орындап, нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ вокзалдың жолаушыларға қолайлы орта қалыптастыратын, қауіпсіздік талаптарына сай және заманауи қызмет көрсету стандарттарына сәйкес болуы қажеттігін атап өтті.
Айта кетсек, жаңғырту жұмыстары аяқталған соң «Сарыағаш» теміржол вокзалы жаңа келбетке ие болып, жолаушыларға жайлы жағдай жасауға бағытталған жаңартылған инфрақұрылыммен қызмет көрсететін болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі