ҚҰРЫЛТАЙ: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА 103 ЖАСТАҒЫ ҰОС АРДАГЕРІ ДАУЫС БЕРДІ

ҚҰРЫЛТАЙ: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА 103 ЖАСТАҒЫ ҰОС АРДАГЕРІ ДАУЫС БЕРДІ
 
Сарыағаш ауданындағы №649 сайлау учаскесінде 103 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Эрмохан Ишхонов Құрылтай депутаттарының сайлауында өз таңдауын жасады.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен ардагердің ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруі кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды сәтке айналды. Ардагерге учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы барып, дауыс беруіне қажетті жағдай жасады. Осылайша, қазыналы қария ел болашағына қатысты маңызды науқанға қатысып, өзінің азаматтық міндетін орындады.
Ардагерге деген құрметтің белгісі ретінде иығына шапан жабылып, ақсақалға ізгі тілектер айтылды.
Эрмохан Ишхонов 1942 жылғы 5 мамырда әскер қатарына шақырылып, майданға аттанған. 1948 жылы әскери қызметін аяқтаған. Соғыс ардагері I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «КСРО Гвардиясы» белгісімен, сондай-ақ «Мінсіз қызмет атқарғаны үшін», «Украинаның 50 жылдығы», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Бүгінде ғасыр жасаған ардақты қария – үлкен әулеттің ақсақалы. Ол 33 немере, 49 шөбере және 6 шөпшек сүйіп отырған өнегелі отбасының қадірлі ақсақалы.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі