Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтуде. Сарыағаш ауданындағы барлық сайлау учаскесі өз жұмысын бастап, тұрғындардың дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалды.
Сайлау учаскелерінде азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруіне қолайлы жағдай қамтамасыз етіліп, «Сайлау – мереке» тақырыбындағы арнайы фотозоналар орналастырылды. Сонымен қатар, сайлау учаскелеріне алғашқы болып келген азаматтарға естелік сыйлықтар табысталуда. Аудан тұрғындары сайлау учаскелеріне белсенді түрде келіп, өз азаматтық таңдауын жасауда.
Тұрғындардың мәдени-рухани демалысын ұйымдастыру мақсатында концерттік бағдарламалар мен спорттық іс-шаралар өткізілді. Іс- шара барысында өнерпаздар ән шырқап, ұлттық өнерді насихаттады. Мәдени бағдарламалар мен спорттық іс-шараларға аудан тұрғындары белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл күй қалыптасты.
Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жергілікті өнім өндірушілер өз тауарларын ұсынып, тұрғындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берілді. Аталған шара жергілікті кәсіпкерлер мен шаруашылық иелерін қолдауға және тұрғындардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталды.
Сайлау күні сайлау учаскелерінің біріне дауыс беруге келген ақсақал көпшілік алдында ән орындап, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ақсақалдың өнер көрсетуі сайлау учаскесіндегі жағымды ахуалды қалыптастырып, мерекелік көңіл күйді одан әрі арттыра түсті.
Жалпы, Сарыағаш ауданында сайлау тиісті деңгейде ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын еркін білдіруіне барлық қажетті жағдай жасалуда. Тұрғындардың сайлауға белсенді қатысуы – олардың азаматтық жауапкершілігінің және елдің қоғамдық өміріне деген белсенді ұстанымының көрінісі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі