Сарыағаш ауданында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында бірқатар ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Аталған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.
Осыған байланысты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округіне барып, ауыз су жүйесін дамыту мақсатында салынып жатқан нысандағы құрылыс жұмыстарының барысын тексерді.
Аудан әкімі нысан басында жауапты сала мамандары мен мердігер мекеме өкілдерінің және жергілікті тұрғындардың қатысуымен жұмыс жиынын өткізіп, жобаның қазіргі ахуалымен танысты. Жиын барысында құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі, құрылыс сапасы, жұмыс қарқыны және нысанды белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жобаға сәйкес, жер асты су ұңғымасынан негізгі таза ауыз су қоймасына дейін ұзындығы 2,2 шақырым, диаметрі 200 миллиметр болатын магистральдық су құбыры тартылуда.Сонымен қатар сыйымдылығы 160 текше метр темір-бетон су қоймасы салынып, одан насостық қондырғы арқылы сыйымдылығы 2000 текше метр негізгі таза ауыз су қоймасына су жеткізу көзделген. Аталған жобаның мердігері – «ADA Qurylys» ЖШС
-Тұрғындардың игілігіне бағытталған әрбір жоба сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуы қажет. Құрылыс жұмыстарын созбалаңға салуға жол берілмейді. Мердігер мекеме жұмыс қарқынын күшейтіп, барлық құрылыс талаптарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді Арман Абдуллаев.
Аудан басшысы жауапты бөлім мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс барысына тұрақты мониторинг жүргізіп, анықталған мәселелерді жедел шешуді және жұмыс кестесінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі