САРЫАҒАШ: ДЕРБІСЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

САРЫАҒАШ: ДЕРБІСЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
 
Сарыағаш ауданында жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, автомобиль жолдарының жай-күйін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіз қатынасын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
 
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Дербісек ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, аудандық маңызы бар автомобиль жолында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысын зерделеді.
 
Аудан басшысы нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бағалады. Мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс барысында белгіленген техникалық талаптарды қатаң сақтап, жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ жөндеу жұмыстарының сапасын күнделікті бақылауда ұстап, орындалу барысына жүйелі мониторинг жүргізуді ауданның жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Тұрсынбаевқа міндеттеді.
 
Дербісек ауылдық округ арқылы өтетін КХСГ-7 «Дербісек–КХ-49-А-2» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 4,8 шақырым бөлігін орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері – «АЛЕФ-А» ЖШС. Қазіргі таңда жолдың 3 шақырым бөлігіне асфальт жабыны төселіп, қалған 1,8 шақырымында тиісті жұмыстар жалғасуда. Бұдан бөлек, жаңадан төселген асфальт жабынының жол жиектерін қалыптастыру, тегістеу және нығайту жұмыстары қатар жүргізілуде.
 
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі