«САРЫАҒАШ» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН

«САРЫАҒАШ» ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
 
Сарыағаш қаласындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, нысанды пайдалануға беру кезеңі жақындап келеді.
 
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев теміржол вокзалына арнайы барып, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сонымен қатар, мердігер мекеме өкілдерімен вокзал аумағын абаттандыру және жалпы құрылыс жұмыстарының сапасы мен аяқталу мерзімі жөнінде пікір алмасты.
 
Аудан әкімі құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуі, нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ вокзал маңындағы абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беріп, жолаушыларға қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыру қажеттігін айтты.
 
Қазіргі таңда, құрылыс алаңындағы жұмыстар екі ауысыммен ұйымдастырылған. Ғимараттың сыртқы абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Ал ішкі әрлеу жұмыстары соңғы кезеңге жетті. Вокзал қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етіліп, нысанды толыққанды пайдалануға дайындау жұмыстары жүргізілуде.
 
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі