«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында Сарыағаш ауданында қоршаған ортаны абаттандыруға, тазалықты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Тазалық жұмыстары таңғы сағат 08:00-де басталып, аудан аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ елді мекендердің ішкі көшелері мен қоғамдық орындарында жүргізілді.
Игі бастамаға ауданға қарасты ауылдық округтер мен қала әкімдіктерінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің ұжымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар және еріктілер белсенді түрде атсалысты.
Сенбілік барысында жол жиектері мен елді мекен аумақтарында бейберекет тасталған тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыстар жиналып, шөптер шабылды. Қураған ағаштардың бұтақтары кесіліп, арық-атыздар мен су жүретін арналары тазартылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаның көркін келтіріп, елді мекендердің санитарлық тазалығы мен абаттандырылуын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды.
Аталған шараның негізгі мақсаты – аудан аумағының тазалығы мен көркейтілуін қамтамасыз ету ғана емес, тұрғындар арасында қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті орнықтыру. Табиғатты аялау, туған жердің тазалығын сақтау және қоғамдық ортаға жанашырлықпен қарау – баршаға ортақ міндет.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай игі шаралар тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаны қорғауға деген азаматтық жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді. Бұл бастама Мемлекет басшысы айқындаған «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаттарымен сабақтасып, елді мекендердің тазалығы мен мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қоғамдық үрдіске айналып келеді.
Сарыағаш ауданында тазалық пен абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі