Сарыағаш қаласындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды түрде жүргізілуде. Елдің көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жоба жолаушыларға қолайлы жағдай қалыптастырып, қызмет көрсету сапасын арттыруды көздейді.
Осыған байланысты Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев вокзал ғимаратына арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аудан әкімі мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын, сондай-ақ белгіленген мерзімдердің сақталуын талқылады. Құрылыс жұмыстарының әр кезеңі сапалы әрі талапқа сай орындалуы қажет екенін атап өтті.
Бүгінде құрылыс алаңында жұмыс екі ауысыммен жүргізілуде. Нысанда 98 адам және 3 арнайы техника жұмылдырылған. Ғимараттың сыртқы абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Ішкі әрлеу жұмыстары да соңғы кезеңге жетті. Сонымен қатар вокзал қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілуде. Ғимараттың сыртқы бөлігіне «ВОКЗАЛ» жазуын орнату жұмыстары жүргізілуде. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарын «Bold Construction Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі