САРЫАҒАШ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ СПОРТТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМЫП КЕЛЕДІ

САРЫАҒАШ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ СПОРТТЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ДАМЫП КЕЛЕДІ
 
Сарыағаш ауданындағы шалғай елді мекендердің бірі – Жылға ауылдық округіне қарасты Қарақалпақ елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін жаңа ашық спорт алаңы пайдалануға берілді.
Жаңа спорт нысанының ашылу рәсіміне Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы және жергілікті тұрғындар қатысты.
Ашық спорт алаңы жеке кәсіпкер Қуандық Тұрдалиннің демеушілігімен, өз қаражаты есебінен салынды. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың маусым айында басталып, тамыз айында толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарын жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, шалғай елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.
– Ауылдың әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әсіресе жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасау – басты міндеттердің бірі. Бүгін шалғайда орналасқан Қарақалпақ елді мекенінде заманауи спорт алаңының пайдалануға берілуі – ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. Ел игілігіне бағытталған осындай әлеуметтік бастамаларды қолдаймыз. Спорт алаңын салуға демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкер Қуандық Тұрдалинге алғысымызды білдіреміз, – деді аудан әкімі.
Жаңа спорт алаңы ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізуіне, спортқа деген қызығушылығын арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруына қолайлы жағдай жасалды.
Шалғай елді мекенде осындай әлеуметтік маңызы бар нысанның бой көтеруі – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау. Бұған дейін спортпен айналысуға мүмкіндік шектеулі болған жағдайда, енді тұрғындар арнайы жабдықталған ашық алаңда жаттығулар жасап, түрлі спорттық іс-шаралар өткізе алады.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі