САРЫАҒАШ: ШЕҢГЕЛДІДЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

САРЫАҒАШ: ШЕҢГЕЛДІДЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ
 
Сарыағаш ауданындағы Шеңгелді елді мекенінде тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысан – 75 орындық мәдениет үйі мен кітапхана ғимараты пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына өңір басшысы Арман Абдуллаев, аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков , ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарын жаңа мәдени нысанның ел игілігіне берілуімен құттықтап, бұл нысанның ауылдың мәдени-рухани өмірін жандандырудағы маңызына тоқталды. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарына нысанның ашылу лентасын қию құрметі көрсетілді. Ауыл тұрғындары да жаңа мәдениет ошағының ашылғанына қуанышын білдіріп, аудан басшылығына ризашылықтарын жеткізді.
Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарын «Асар строй групп» компаниясы жүзеге асырды. Нысанның құрылысы республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылды. Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени-рухани қажеттіліктерін өтеуге арналған заманауи мүмкіндіктермен қамтылған. Ғимаратта тұрғындардың қызығушылығына қарай түрлі бағыттағы үйірмелер мен шығармашылық секциялар ұйымдастыруға арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Атап айтқанда, балалар мен жастардың өнерге, шығармашылыққа және мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған үйірмелердің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ нысанда мәдени іс-шаралар өткізуге арналған залмен қатар, арнайы сыныптар мен үйірме бөлмелері қарастырылған. Мұнда жасөспірімдер мен балалар бос уақытын тиімді өткізіп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алады. Ал кітапхана бөлімі тұрғындардың кітап қорына еркін қол жеткізуіне, оқырман мәдениетін қалыптастыруға және өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасайды.
Айта кетсек, әлеуметтік нысанның ел игілігіне берілуі – шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың мәдени қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі