Сарыағаш қаласындағы кәріздік тазарту станциясының жұмыс барысымен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев танысты. Аудан басшысы нысанның үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, кәріздік тазарту станциясының тұрақты жұмысын бақылауды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүктеді.
Жалпы Сарыағаш қаласын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету жобасы үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда екінші кезең аясында Сарыағаш қаласында қуаттылығы тәулігіне 3 400 текше метрді құрайтын кәріздік тазарту қондырғысының (КОС) құрылыс-монтаж жұмыстары жүзеге асырылды. Бүгінде кәріздік тазарту станциясы штаттық режимде тұрақты жұмыс істеп тұр.
Жобаның үшінші кезеңі бойынша Сарыағаш қаласындағы тұрғын үйлерді кәріз жүйесімен қамтамасыз ету нысанына арналған сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленді. Демеуші қаражаты есебінен жобалау-сметалық құжаттаманы дайындап, тиісті сараптамадан оң қорытынды алынды. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері нәтижесінде құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталған.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі